Қазақстанның алты азаматы Газа секторы аумағынан әкетілді деп хабарлады ресми Астана. Қазақстан СІМ-нің хабарлауынша, эвакуацияны Қазақстанның Иордания мен Израильдегі дипломатиялық өкілдіктері ұйымдастырған.
Қазақстандықтар шекара пункті арқылы Амманға өтіп, сол жақтан Қазақстанға ұшып кеткен.
Ведомство жариялаған суретте төрт ересек адам мен екі бала көрінеді.
Қазақстан СІМ Иордания мен Израиль билігіне, халықаралық Қызыл крест ұйымына қазақстандықтардың кетуіне көмектескені үшін алғыс айтты.
"Қазақстанның Амман және Тель-Авив қалаларындағы елшіліктері өңірдегі жағдайды мұқият бақылауда ұстап, Газа секторы мен жалпы Палестина аумағында жүрген Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста" деп жазылған ресми хабарламада.
Газада қалған қазақстандықтар туралы мәлімет хабарламада айтылмайды.
Газа секторында 2023 жылдың күзінен бері Израиль мен ХАМАС (ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған) шайқасып келеді. Шайқас барысында Газада азаматтық инфрақұрылым қирады, азық-түлік, су, дәрі-дәрмек пен отын тапшы.