"Просто журналистика" YouTube-арнасы қалпына келтірілді

Лұқпан Ахмедияров

"Просто журналистика" YouTube-арнасы қалпына келтірілді деп хабарлады арна авторлары тәуелсіз журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров әлеуметтік желіде.

"Ұзақ үзілістен кейін біздің арнамыз ашылды. Арнамызды қайтарып алдық" деді желіде жарияланған видеода журналист Рауль Упоров.

Лұқпан Ахмедияровтың "Власть" басылымына айтуынша, 6 тамызда олар YouТube-тан арна қалпына келтірілгені жөнінде хат алған.

Шілде ортасында арна авторлары арнаға кибершабуыл жасалғаннан кейін "Просто журналистика" өшірілгенін хабарлаған еді. Журналистердің сөзінше, әлдекімдер арна қолданған Youtube-тің тегін музыкаларына авторлық құқықты өздеріне рәсімдеп, арнаға қарсы шағым жазған. Осылайша Youtube әкімшілігі арнаны өшірген.

«Бір қызығы «музыканың авторымыз-мыс» дегендер осыдан кейін Youtube-тан кеткен» деді журналист.

Ахмедияровтың сөзінше, журналистер шешімді апелляцияға берген, оларды Access Now ұйымы, "Шекарасыз тілшілер", "Журналистерді қорғау комитеті" қолдаған.

"YouTube бізге егер он күн ішінде бізге шағым түсіргендер арыз бермесе, дәлел жібермесе немесе сотқа шағымданбаса, арнаны қалпына келтіретінін айтып, хат жолдады. Он күн өтті, арнамызға қосылуға мүмкіндік берді" деді Ахмедияров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық журналистерге қарсы кибершабуылдың артында кім тұр?

«Просто журналистика» – журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоровтың коммерциялық емес жобасы. Ол өзекті қоғамдық-саяси мәселелерді қозғайды. Бұған дейін арна Қанды Қаңтар, жемқорлық, Украина, белсенділердің қудалануы және өзге де маңызды тақырыптарды қозғаған.

Қоғамдағы өзекті мәселелерді айтып жүрген журналист Лұқпан Ахмедияровтың өзі де бұған дейін талай рет әкімшілік-қылмыстық қудалауға ұшыраған. Биыл көктемде Ресейге жұмысқа кеткен бір топ қазақстандықты Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберуі мүмкін екені жөнінде ақпарат таратқан журналистке қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалып, журналист қорғануға құқығы бар куәгер атанған.

Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.

Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров Украинаға барып, соғыс қасіретін тартып жатқан халықтың азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресін, бір сәтте бейбіт өмірі тас-талқан болған қарапайым адамдардың өмір тынысы жайлы тізбекті хабарлар дайындап, қазақстандық көрерменге жеткізген.

Олар бірігіп Қанды Қаңтар туралы екі бөлімнен тұратын деректі фильм шығарған. Ахмедияровтың айтуынша, фильм жеке адамдардың қаржысына екі жыл бойы Қазақстанның 12 қаласында түсірілген.

2012 жылы Лұқпан Ахмедияровқа қастандық жасалды. Қылмыскерлер оны травматикалық қарудан екі рет атып, кеуде тұсынан 8 рет пышақ салған. Подъезге жасырынып үлгерген журналист жылдам көмекке келген адамдардың арқасында аман қалған.

Ахмедияров кәсіби қызметі үшін бірнеше сыйлықтың, соның ішінде халықаралық жүлденің иегері атанған.